Қолайсыз ауа райына байланысты Оралға келетін ұшақтар кешігіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform.
«Орал халықаралық әуежайы» ЖШС баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 3 желтоқсан күні Орал-Астана бағыты бойынша 7366 рейсі кешіктірілді.
Сондай-ақ Алматы-Орал бағыты бойынша 7169 рейсі Ақтөбедегі қосалқы әуе айлағына қонды.
«Бүгін Алматыдан 881 рейсі кейінге қалдырылды. Оралға келуінің болжамды уақыты - 16.00. Оған қоса Алматыдан 7165 нөмірлі тағы бір рейс екі сағатқа кешіктірілді. 3 желтоқсан күнгі сағат 18.00-ден 4 желтоқсан таңғы 04.00-ге дейін мұздақ жауды. Бүгін таңда температураның - 3-тен 6 градусқа дейін күрт ауысуына байланысты тұман қосылды. Тұманға байланысты көрінудің қиындығы ұшуға шектеу болып табылады. Осыған байланысты әуе компаниялары аталған рейстерді кейінге қалдыру жөнінде шешім қабылдады», деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Оралда ауа райына байланысты ұшақтар ұшпай жатқанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).