Көлбаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобы Қаракөлде тау шаңғы базасын салуды жоспарлаған

Фото: Фото: kabar.kg

АСТАНА. KAZINFORM - Қ.Асанбектің (Көлбаевтің) ұйымдасқан қылмыстық тобы заңсыз иемденген жер «Қаракөл» мемлекеттік табиғи паркінің балансына қайтарылды, деп хабарлайды Кабар ақпарат агенттігі.

Ведомствоның мәліметінше, Қ.Асанбектің ұйымдасқан қылмыстық тобының заңсыз жолмен тапқан кірістерін заңдастыру фактісі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында «Қаракөл» тау шаңғы базасының жанында беделді ауданда орналасқан, нарықтық құны шамамен 10 млн сом болатын 2 гектар жер учаскесі анықталып, «Қаракөл» мемлекеттік табиғи парктің балансына қайтарылды.

Аталған жер учаскесінде ұйымдасқан қылмыстық топқа қомақты қаржы әкелетін шаңғы туристік базасын салу жоспарланған.

Қырғызстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қ.Асанбек пен оның қылмыстық тобының мүлкін іздестіру және мемлекетке өтеу бойынша белсенді жедел-іздестіру шараларын жалғастырып жатыр.

Еске сала кетсек, қазан айында Бішкекте арнайы операция кезінде қылмыстық авторитет Қамшы Көлбаевтың қаза тапқаны хабарланған болатын. 

Кейін Қырғызстанның 50 кеден қызметкері Камшы Көлбаевпен байланысы үшін жұмыстан шығарылды.