А. Баталов құттықтауын 96 жастағы Әбіш Ошақбайұлының шаңырағынан бастады. Ардагер майдандағы ерлігі үшін Қызыл Жұлдыз, І дәрежелі Отан соғысы, Құрмет белгісі ордендерімен, «Германияны жеңгені үшін», «Сталинградты азат еткені үшін», «Майдандағы ерлігі үшін» медальдарымен марапатталған. Қариямен әңгімелескен Амандық Баталов ақсақалға ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық тіледі. Ардагерге арнап қала мектептерінің оқушылары Отан, ерлік жайлы өлеңдер оқыды. Мұнан соң облыс әкімі «Паравоз апа» атанып кеткен Алтынай Есболатованы мерекесімен құттықтауға барды. Матай стансасының тумасы Алтынай апа соғыс кезінде әскери пойызда машинист болған. Майдандағы жылдарды есіне алған Алтынай апа жеңіске жеткізген Отанға деген шексіз сүйіспеншілік пен бірлік екенін атап өтті.
«Ең бастысы - жақсы оқыңдар, тәрбиелі болыңдар, ата-аналарыңның қуанышы, Отанның тірегі болыңдар. Білім - барлық игіліктің кілті. Қолда бар нәрсені қадірлей білу керек, бар мүмкіндікті пайдалана білу керек. Балалардың біз көрген қиындықты көрмей, болашақтары жарқын болуын тілеймін! Осы күнге жеткеніме шүкіршілік етемін. Қазір халық бейбітшілік пен тыныштықта жақсы өмір сүріп жатыр, киімі көк, қарны тоқ. Сондықтан Елбасымызға ризамын. Барлығыңа зор денсаулық тілеймін», - деді Алтынай апа.
Бұдан әрі құттықтау Сәрсенбай Қаңтарбай ақсақалдың үйінде жалғасты. Майдан даласындағы ерлігі ескеріліп, Сәрсенбай қарияға І және ІІ дәрежелі Ұла Отан соғысы ордендері, «Ерлігі үшін» медалі және басқа да наградалар берілген. Сонымен қатар ардагер бейбіт өмірдегі еселі еңбегі үшін де бірқатар марапаттарға ие болған.