Қолданыстағы 350 мың газ баллоны жаңартылады

Фото: Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжілістегі газбен жабдықтау және тауарлық газды үнемді тұтыну мәселелеріне арналған заң жобасының таныстырылымында ескірген газ баллондарының проблемасы айтылды.

Талқылау кезінде Мәжіліс депутаты Бақытқожа Ізмұхамедов газ баллондарының ескіруінен түрлі жарылыстар мен улану оқиғалары жиілеп кеткенін мәселе етіп көтерді.

Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов бұл мәселені шешу үшін «Kazinjenering» компаниясына қосымша қаржы бөлу керектігін айтты.

«Тұрмыстық газ баллондары туралы айтсақ, қазір Энергетика министірлігі Төтенше жайдайлар және Өнеркәсіп министрліктерімен бірге елдегі бүкіл баллондарды жаңасына айырбастау туралы жобаны әзірлеп жатыр. Олардың саны 350 мың деген есеп бар. Біріншіден, қолданыстағы баллондарды біртіндеп жаңасына айырбастаймыз», - деді ол.

Министрдің орынбасары ол үшін қосымша қаражат керек деп отыр.

«Қорғаныс министрлігінің жанындағы «Kazinjenering» компаниясында осы қызыл баллондарды шығаратын зауыт бар. Соларға ақша бөлгіміз келеді. Сол арқылы біртіндеп жаңалаймыз. Әр баллон QR-кодтар арқылы таңбаланады. Қай баллон қай жерде толтырылған, қаншалықты дұрыс толтырылған, иесі кім, соны осы код арқылы біліп отырамыз», - деді Әлібек Жамауов.