Қолданыстағы заңдар мемлекеттік органдарға толық дербестік беріп отырған жоқ – Президент

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қолданыстағы заңдар мемлекеттік органдарға толық дербестік беріп отырған жоқ. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен жаңа әкімшілік реформа жүргізуді тапсырдым. Басты мақсат – атқарушы билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру. Қолданыстағы заңдар мемлекеттік органдарға толық дербестік беріп отырған жоқ. Мысалы, өз саласында нормативтік құқықтық актілер қабылдау үшін олардың құзыреті заң жүзінде бекітілуі керек. Тапсырмалар уақтылы орындалмайды. Шешім дер кезінде қабылданбайды. Сол себепті, өзектілігін тез жоғалтады», - деді Президент.

Мемлекет басшысы бұл проблеманы шешу мақсатында қазірдің өзінде заңнамаға түзетулер енгізіліп жатқанын айтты. Ол түзетулер мемлекеттік органдарға өздерінің салалық құзіреттері шегінде қажетті іс-әрекет қабылдауға мүмкіндік береді.

«Бұл өз кезегінде атқарушы билік басшылары тарапынан кәсібилікті, бастамашылдық пен көшбасшылықты талап етеді», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.