Қолдаушылары барда қазақ өнері өлмейді – Ерболат Шалдыбеков
АСТАНА. KAZINFORM — Бірнеше күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет саласындағы бір топ азаматты мемлекеттік наградамен марапаттаған еді.
Құрметті атаққа ие болғандардың бірі Ерболат Шалдыбеков «Бүгін LIVE» студиясына қонақ болып, қазақ өнерінің қазіргі жай-күйін баяндады.
– Қай салада еңбек етсе де, еңбегі бағаланып, Президентіміздің қолынан арнайы марапат алу қай пендеге болса да, үлкен бақыт деп білемін. Ең әуелі өнерді бағалаған, өнерді құрметтеген ел басқарған аға буын өкілдеріне, Мәдениет министрлігіне, Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымына ризашылығымды білдіремін. Себебі өнер мен өмірдің арасындағы біздің орындаушылығымызды халықпен қауыштырып отыратын – осындай концерттік ұжымдар. «Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымы – көптеген орындаушыны елге танытып, халық арасында осындай үлкен мәртебеге жеткізген қара шаңырақ, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
«Халық қазынасы» мемлекеттік ұлттық өнер орталығының солис-әртісі Президент қолынан марапат алған кездегі әсерін бөлісті.
– Мемлекет басшысының қолынан арнайы марапат алған кезде үлкен толқу үстінде болдым. Жасыратыны жоқ, кішкене көңілім де босады. Бұл – біз үшін үлкен құрмет. Мемлекет тарапынан құрметке ие болу, Президент қолынан «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» деген атақ алу – кімнің де болса күтіп, армандап, үміт етіп жүрген арманы, – дейді өнер иесі.
Қайраткер қазақ өнері қолдаушылардың көптігінің арқасында дамып келе жатқанын айтады.
– Президенттің қолынан қазіргі таңдағы ән өнерінің ардагері, профессор, халық әртісі Қайрат Байбосынов «Еңбек Ерін» алды. «Отан» орденімен марапатталды. Ол, әрине, Мемлекет басшысының өнерге берген бағасы, өнерді, мәдениетті құрметтегені деп білеміз. Сондықтан ол тұрғыдан да ризашылығымызды айтамыз. Сол Қайрат ағаларымызға шәкірт болып, соңынан ілесіп, Қайрат ағамызбен бірге марапат алу – мен үшін үлкен бақыт. Сондықтан еліміз қолдап тұрғанда біздің өнер өлмейтіні белгілі, тасы өрге өрлейтіні белгілі. Қай өнер орталығы болса да, өзінің алға қойған жылдық жоспары бар. Сол бойынша әр саланың өнері жан-жақты дамып келе жатыр. Онымен қоймай, біздің ұлттық өнерімізге көп жерлерде көңіл бөлініп, нәтижесінде сахнагер орындаушыларымыз әр өңірде халықпен қауышып жатыр, – дейді ол.
Студия қонағы өнерін жан-жақты дамытамын деген адамға қазіргі заманда еш кедергі жоқ деген пікір білдірді.
– Жеке басымда ұлттық өнерді дәріптеуде «әттеген-ай» деген жағдайға жолықпадым. Біз кейде мемлекет тарапынан қолдау болса, ананы жасаса, мынаны жасаса дейміз. Бірақ бүгінгі таңда әлеуметтік желі деген дүние бар. Сол арқылы өзіңізді халыққа дәріптеуге көп мүмкіндік жасалған. Әрине, орынды, өз шеңберімен ғана. Сондықтан қазіргі дамыған заманда қай өнер адамы болса да, қолынан келгенше өнерге атсалысып, ел ішінде өнердің жан-жақты дамуына мүмкіндігі жеткілікті. Қазіргі өнер адамдарында еш өкініш жоқ деп ойлаймын, – дейді Ерболат Шалдыбеков.
Айта кетейік, Италияда білім алып жүрген отандық опера әншісі өнер адамдары халықты мәдениетке тәрбиелейді деген пікір білдірген еді.
Оның айтуынша, қазақ халқының сынынан өткен опера әншісіне шетелде өнер көрсету қиын емес.