Көлде қайықпен жүзіп жүрген 35 жастағы Қостанай тұрғыны суға батып кетті

ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат - Қостанай облысының тұрғыны қайықпен жүзу кезінде суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

24 тамыз таңғы жетіде ТЖД жедел-құтқару жасағының қызметкерлері Қостанай ауданындағы Кошевицкое көлінен 1988 жылы туған ер адамның денесін тауып, судан шығарып алды.

21 тамыз сағат 18:30 шамасында ол «Мираж» моторлы пластик қайығына мініп бара жатқанда суға батып кеткен.

Шомылу маусымы аяқталуға жақын. Қостанайлық құтқарушылар халыққа су айдынына бармауды ұсынады.

Түнде су 10 градусқа дейін салқындайтындықтан күндіз ол қажетті 18 20 градусқа дейін жылынып үлгермейді.

Қазір Тобылдағы судың температурасы 13 15 градус аралығында.

«Салқын суға шомылу көбіне гипотермияға әкеледі, аяқтың төменгі бөлігі құрысып қалуы мүмкін, салдарынан демалушылардың өміріне қауіп төнеді» деп ескертеді құтқарушылар.