Көлеңкесі жерге түспейтін зәулім ғимаратты көретін де күн жақын

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сәулетшілер «елес» деп атап жүрген Лондондағы бұл инновациялық ғимараттан жерге көлеңке түспейді. Құрылыстың екі мұнарасы болады.

Олардың бірі күн сәулесін екінші мұнара түсіріп тұрған көлеңкеге бағыттап, шағылыстырады. Себебі алғашқы мұнара қисайған зор айна іспеттес болып салынады. Оның ерекше пішінінің арқасында шағылысқан күн сәулесі көлеңке ізінен күні бойы ілесіп отырады. Сол арқылы ғимарат айналасындағы көлеңке 60%-ға қысқарады. Зәулім ғимараттың жобасын NBBJ компаниясы жасаған, деп хабарлайды 24.kz. Мұнаралар Гринвич түбегіне арналған. Құрылыс кезінде қолданылатын технология қауіпсіздікті көбірек қамтамасыз етеді. Осыған дейін Walkie Talkie ғимаратына түсіп шағылысқан күн сәулесінің ыстығы оның жанында тұрған Jaguar көлігінің жекелеген бөліктерін балқытып жіберген еді. «Ал «елес» ғимараттың маңына көлігіңізді қойсаңыз мұндай жағдай болмайды», - дейді архитекторлар.