Әлемдегі экономикалық жағдайдың жақсаратындығы жөнінде әзірге батыл болжам жоқ. Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банк әлемдік экономика үш пайыздың төңірегінде ғана болатынын алға тартты. Мұнай бағасының қырық құбылуы, санкциялық текетірестер талай елдердің қадамына тұсау болып, төзімдерін сарқуда. Осындай күрделі де сынақты кезеңде тығырықтан жол тауып, келешектің қамын жасау - төңіректегі тежелістерден тыс қалмаған еліміздің сындарлы беталысы болып отыр.
Қиын жағдайда Қазақстан өзекті шешімдерді дер кезінде қабылдағанына тоқталған Елбасы қолға алынған шаралардың нәтижесінде экономикалық өсудің оң динамикасын көрсеткенін атап өтті. Мемлекеттік қолдау есебінен инвестициялық өзектілікті сақтай білдік. Сонымен қатар, жаңа жағдайда даму бойынша алдағы міндеттерді жылдың аяғына дейін және келесі жылы анықтауымыз керек, деді Мемлекет басшысы.
Экономиканың оң өсімі дағдарыс дүмпуі сезілмей тұрып алдын ала жасалған сақтандыру шараларының жемісі еді. Тамыз айында экономиканың 0,1 пайызға болса да өсім көрсетуі осының дәлелі. Биылдың 8 айының көрсеткіші бойынша Қазақстанның ІЖӨ өсімі 0,3 пайызды құраған.
Кеңейтілген отырыста қазіргі экономикалық жағдай жөнінде есеп берген ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев «Нұрлы Жол» бағдарламасы мен дағдарысқа қарсы шаралар жұмыс істей бастағанын атап өтті. Өсім үлкен болмағанымен Қазақстандағы ахуал әріптес елдердегі ахуалдан біршама жақсы. Мысалы, осы кезеңде Ресей, Беларусь, Қырғызстанда және тағы бірқатар елдерде ішкі жалпы өнім төмендеген. Экономиканы әртараптандыру мен индустрияландыру бағдарламасының арқасында бүгінде шикізаттық емес сектор тау-кен өнеркәсібіндегі өндірістің төмендеуінің өтеуі болып отыр.
Экономика өсімі құрылыста, көлік саласында, ауыл шаруашылығында, өңдеу өнеркәсібінде, қызмет секторында өнім көлемінің өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Тек тау-кен өңдеу өнеркәсібінде мұнай, көмір, темір кендерін өндірудің қысқаруына байланысты 4,8 пайызға артта қалу байқалады. Десе де, табиғи газды өндіру көлемі артқан, сондай-ақ, түрлі-түсті металдарды өндіру Бозшакөл мен Ақтоғай кен орындарының іске қосылуы арқылы өсіп отыр.
Министрдің айтуынша, жыл соңына дейін «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша толық игеру қамтамасыз етіліп, дағдарысқа қарсы шаралар толық орындалады. Тауарлар мен қызметтерге бағаның негізсіз өсуі тоқтатылады. Жалпы, экономикадағы оң өзгерістерге орай, ІЖӨ өсімі жоспарланған 0,5 пайызда күтілуде.
Алқалы жиында еліміздің қаржылық жағдайы туралы баяндаған қаржы министрі Бақыт Сұлтанов биылдың 8 айындағы ел бюджеті көлемі бойынша рекордтық көрсеткішке жеткенін атап өтті. Мемлекеттік қаржы тұрақты, ал кірістер бойынша алға жылжу бар, сондай-ақ, тапшылық төмендеп келеді.
Ұлттық банк қысқа уақыттың ішінде ақша және валюта нарықтарындағы жағдайды тұрақтандырса, оған бірнеше себеп ықпал еткен. Бұған, біріншіден, шикізат нарықтарындағы әлемдік конъюнктураның жақсаруы себеп болды. Екіншіден, Үкімет пен Ұлттық банктің дағдарысқа қарсы бірлескен жедел шаралары әсер етті. Ұлттық банктің алтын валюта резервтері тамыздың соңында 30,7 млрд. долларды құрады. Осы жыл басынан бастап 10 пайызды немесе 2,8 млрд. долларды көрсетті. Ұлттық қордың валюталық активтері 64,9 млрд. доллар болса, бүгінде оның деңгейі өзгермеді, яғни тұрақтылық бар, деді бас банкир Д.Ақышев.
Жиналғандарға арнаған сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мемлекет алдында тұрған негізгі міндет - халықтың тұрмыс деңгейін көтеру екенін баса айтты. Осы ретте Мемлекет басшысы отырысты қорытындылай келе, Үкіметке бірқатар тапсырмалар жүктеді. Елбасы әлемдік экономиканың қазіргі қолайсыз ахуалына қарамастан, ел Үкіметі халықтың жағдайын төмендетпеуі тиіс екендігін атап көрсетті. Өзгерістер жағдайында тосын қиындықтарға төтеп беру үшін қосымша шаралар қаперде болуы керек. Осыған байланысты Мемлекет басшысы алдағы кезеңдегі бағыттар бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.