«Бестау мен Березовка ауылдарында осыдан бірнеше жыл бұрын бірқатар қиыншылықтар болған. Енді бұл елді мекендер жаңа экологиялық аймаққа кіріп отыр. Бірінші қаңтардан бастап ол жерлерде ешкім тұрмауы тиіс. Сондықтан бірінші кезеңде 2015 жылы 80 отбасы көшірілген болатын. Қазір екінші кезеңі қалды. Ол ауылдарда 373 отбасы көшіруді күтіп отыр», - деді облыс басшысы.
Оның айтуынша, бүгінде Қарашығанақ кен орнының қаражаты есебінен бір қабатты 100 үй салынып, оған 100 отбасы көшірілген.
«Сонымен бірге әрқайсысы 153 пәтерден 9 қабаттты екі үй бар. Оларды салу жұмыстары аяқталып, құжаттарын рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде. Біз отбасыларға пәтерлерді бөліп беру және келісімшарттарды жасау жұмыстарын бастап кеттік. Осы айдың соңына дейін ол жұмыстар аяқталатын болады. Яғни, барлық отбасылар өз пәтерлерінің кілтін алады. Ал келісімшартқа сәйкес жаңа пәтер алғаннан кейін Березовка мен Бестау азаматтарына ескі үйлерінен заттарын алып кетуге 6 апта уақыт береміз. Себебі 6 аптадан кейін біз ол ауылдардағы үйлердің барлығын бұзамыз. Ол жерде ешкім тұрмауы тиіс», - деді Алтай Көлгінов.