Көлігіме отырғандар үнемі ақ жол тілейді - Өскемендегі таксиші қыз

Фото: Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM – ВАЗ-2114 көлігін ел арасында «14» деп атайды. Өскеменде осы көлікпен жүйткіп жүрген жас қызды көргендердің бәрі таңырқап жатады. Ол таксиші ретінде тапсырысқа келгенде жолаушылар сұрақты қарша боратады. Бұған Ақжарқын Зикенованың еті әбден үйренген.  

Ақжарқын 2002 жылы Марқакөл ауданында туған. Көлікке бала күнінен қызыққан.

- Әкемнің қызымын. Үйде екінші баламын. Ағамның көлікке деген қызығушылығы мүлде жоқ. Алғашқы темір тұлпарын тек 24 жасында алды. Ал мен болсам керісінше қаршадайымнан көлікке отырдым. 17 жасымда механикалық көлік жүргізуді үйреніп алдым. Әкемде Mitsubishi, ағамда ВАЗ-2114 көлігі болды. Ағамның қара түсті 14 көлігін ауылда 2 жылдай айдап жүрдім. Себебі неге екенін білмеймін, Mitsubishi-ге қарағанда ВАЗ-2114-ті жүргізген ұнайтын, - дейді ол.

Ақжарқын Зикенованың Өскеменге көшіп келгеніне 2 жылдай уақыт болды. 2023 жылдың ақпан айында өзінің тұңғыш көлігін алды. Дәл ағасынікі секілді ВАЗ-2114. Бірақ ақ түсті.

- Басында әкем 14 көлігін алуыма қарсы болды. «Қызым, бұл саған ауыл емес. Қалада механикалық көлік айдаған қиын», - деді. Сонда да айтқанымнан қайтпадым. Әйтеуір әкем жібіп, өз келісімін берді, - дейді кейіпкеріміз.

Қазір Ақжарқын бір емес, үш түрлі жұмыс істейді. Ең негізгісі – Қ.Нұрғалиев атындағы колледжде мастер. Дәл осы оқу орнында технолог-кондитерші мамандығын тәмамдаған. Студенттерге кондитерлік өнімдерді пісіруді үйретеді. Екінші жұмыс ретінде үйде торт пісіріп сатады. 

- 16 жасымнан бері торт пісіріп, сатып келемін. Марқакөл ауылында бәрі маған тапсырыс беретін. Қалаға келгеннен кейін де бұл ісімді жалғастырдым. Той-томалаққа шай дастарханын дайындаймын. Ал үшінші жұмыс ретінде такси жүргізушісі болып, клиент тасимын. Көлігіме отырғандардың бәрі таңғалады. «Қызсың әрі жассың. Қалай қорықпайсың?» дейді. Түсерде клиенттерім үнемі ақ жол тілейді. Кейбірі ақшамды артығымен береді. Отырмай қоятын адам бола ма екен деп күтіп жүрдім. Алайда ондай болып көрген емес, - дейді Ақжарқын Зикенова.

Көлігін өзі торт сатып жинаған ақшасына алған. Жетпей тұрған соманы несие арқылы қосты. Таяуда сол несиені де толықтай жауып тастады. «14-ті сатып басқа көлік алу ойда бар ма?» деген сұрағыма ол:

- Жоқ. Бұл менің сүйікті көлігім. Сатқым келмейді. Оның үстіне TikTok желісінде «14-пен жүретін Зикенова» деген атпен видеоблог жүргіземін. 45 мыңға жуық жазылушым бар. Видеоларым бірнеше млн көрілім жинап жатады. Көлік жүргізушілеріне өзімнің ақыл-кеңестерімді айтамын. Көлікті өзім жөндей алмаймын. Бірақ қай жері сынғанын шыққан дауыстан-ақ ажыратамын. Әр бөлшек-сайманының атын жатқа білемін. Яғни, көлік жөндейтіндер мені алдай алмайды, - дейді таксиші қыз.

14-пен зуылдап жүрген Ақжарқынды көрген полицейлер де таңданысын жасырмайды. Кейде ұсақ-түйек жол ережесін бұзғанын байқаса, ауызша ескерту жасап қоя береді екен. Бірде жол сақшысы оны тоқтатып алып, «Ереже бұзып алдым ба?» деген арудың сұрағына «Жылдамдықты емес, әдемілікті асырып жібердіңіз» деген екен.

- Осы мүмкіндікті пайдаланып 8 наурыз мерекесімен әйелдер қауымын құттықтағым келеді. Бұл дүниеде әйел затынсыз ештеңенің мәні жоқ. Біз әдеміліктің, нәзіктіктің символымыз. Сол үшін ер адамдар қыздарды бағалап, аялап, құрметтесе екен, - дейді Ақжарқын.