Көлігімен велосипед тізгіндеген ерлі-зайыптыны қаққан полиция қызметкері қамалды

Фото: Фото: Kazinform

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Велосипед тізгіндеген ерлі-зайыпты адамдарды көлігімен қағып, мерт қылған күдікті Ақтөбе облыстық полиция департаментінің қызметкері болып шықты. Ол қазір тергеу изоляторында отыр. Сонымен бірге 7 тәртіп сақшысы қызметінен босатылды. 

Ақтөбе облыстық полиция департаменті жол-көлік оқиғасынан соң жүргізушінің, яғни полиция қызметкерінің ұсталғанын, тергеу изоляторына қамалғанын хабарлады.

– Қазір соталды тергеу жұмысы жүріп жатыр. Жүргізуші қамалды. Осы оқиғадан соң қызметтік тексеру жүргізілді. Тексеруден соң 7 қызметкер, соның ішінде басшылары да қызметтен босатылды, - деп хабарлады Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов. 

Еске салсақ, 23 шілде күні сағат 00:50-де Ақтөбе қаласы Ақжар-1 ауылы маңында жеңіл көлік иесі велосипед мінген екі адамды қағып кетті. 25 және 26 жастағы ерлі-зайыпты оқиға орнында көз жұмды. Олардың артында екі баласы қалды.