Көлігіне жалған нөмір таққан түркістандық 5 тәулікке қамалды

Фото: Фото: pexels.com

Көлігіне жалған нөмір таққан Түркістан облысының тұрғыны 5 тәулікке қамалды, деп хабарлайды Kazinform.

Полицейлер заң бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 4-бөлігі («Көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) бар көлiк құралын басқару») бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Сот шешімімен жүргізуші 5 тәулікке қамауға алынып, 1 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.

«Аталған дерек Шымкент қаласында тіркелді. Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Тәуке хан – Дулати көшелерінің қиылысында «Audi S-4» маркалы автокөлікті тоқтатты. 31 жастағы ер адам көлігіне жалған мемлекеттік тіркеу нөмірін таққаны анықталды. Бұл туралы хабарламаны тәртіп сақшыларына «Қорғау – қауіпті жүргізуші» қосымшасынан түсті», – делінген Шымкент қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.