Көлігімен адамдарды қағып кеткен полицей қылмысын мойындамады

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Шымкентте бүтін бір отбасыны көлігімен қағып кеткен полицей сотта қылмысын мойындамады. Қаратау аудандық сотында қаралған алғашқы отырыста айыптаушы тарап пен куәгерлер тыңдалды , деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қылмыстық істі қарап жатқан судья Момбек Әмірбековтың айтуынша, Жандос Оразалинов Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3 бөлігі «Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша айыпталуда.

«Біз алдымен айыптаушы тараптың 15 адамынан жауап алдық. Олардың қатарында прокурор мен тергеуші бар. Қос тарап та айыпталушыны жол жүру ережесін өрескел бұзып, жолаушыларды қағып кеткенін айтып отыр», - дейді судья Момбек Әмірбеков.

Сотта жәбірленуші тараптың туыстары оны кешіргенін айтып, тағылған айыпты жеңілдетуін сұрағанын жеткізді. Алайда судья бұл сұрақтың ашық күйінде қалатынын айтты. Себебі, айыпталушы өзінің қылмысын сол күйі мойындамаған. Бұрынғы полиция қызметкері жол-көлік оқиғасы болған кезде бағдаршамның жасыл түсіне өткенін, ал жолаушыларды автобустың кесірінен көре алмағанын алға тартыпты. Судья сонымен қатар жол апаты болғанда жүргізуші мас күйінде болмағанын, істі қарау кезінде 20 куәгерден жауап алынатынын атап өтті.

Еске салайық, кісі өлімімен аяқталған жол көлік оқиғасы Шымкент қаласына қарасты Жібек жолы көшесінің бойында болған. «БМВ» автокөлігінің 32 жастағы жүргізушісі жолдан өтіп бара жатқан бір отбасы мүшелерін қағып, оқиға орнына көлігін тастап кетіп қалған. Оны куәгерлер ұялы телефонға түсіріп, бейнежазбасын әлеуметтік желіге салған еді. Жол апаты салдарынан оқиға орнында 37 жастағы ер азамат қайтыс болып, тағы 36 жастағы әйел мен оның 7 жасар ұлы ауыр халде ауруханаға түскен.

Кейін жол апатын жасаған Жандос Оразалиев Сайрам аудандық ішкі істер басқармасында анықтау бөлімін басқаратыны белгілі болды. Автокөлігінен қару-жарақтар да табылған еді. Алайда кейін ол бойынша қылмыстық іс қысқартылды. Ол жол апатынан кейін ішкі істер органдарынан жұмыстан босатылды.