Көлік бақылау саласын өзгерістер күтіп тұр

АНА. Қазанның 1-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Бүгінде елімізде республикалық маңызы бар жолдар кеңейтіліп, үлкен автобандар болып қайта салынуда. «Батыс Қытай -Батыс Еуропа» сияқты ірі транзиттік жол торабының құрылысы басталды. Осының бәрі біріншіден, отандық жол инфрақұрылымның өсіп келе жатқандығын көрсетсе,

  екінші жағынан халықаралық тасымалдау саласындағы еліміздің жоғары әлеуетін қалыптастыруға негіз қалайды. Сондықтан транзиттік тасымалдың қақ ортасында тұрған Қазақстан үшін ішкі жүк тасымалдау мәселесін реттеу аса маңызды. Ал бұл іс еліміздің көлік бақылау саласында біраз өзгерістерді қажет ететіні анық. 

Жақында мәлім болғанындай, мұндай өзгерістердің де ауылы алыс емес екен.  ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде өткен «Көліктік бақылау: бүгін және ертең» тақырыбындағы «дөңгелек үстелде» Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әділет Барменқұлов еліміздің көліктік бақылау саласындағы түбегейлі өзгерістердің болатындығы туралы мәлім етті. Оның айтуынша, жақында ҚР Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілген «ҚР көлік мәселесі бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасына сәйкес Көліктік бақылау комитетінің бірқатар міндеттері кеден органдарына тапсырылып, елімізде жүк тасымалдауды реттейтін жаңа автоматтандырылған жүйесін енгізу жоспарланған. Сондай-ақ комитет басшысы көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесті құруды ұсынды.

Ә.Барменқұлов атап көрсеткендей, бүгінгі таңда отандық көліктік бақылау саласына жүргізілген зерттеудің нәтижесінде ұйымдастыру-құрылымдық жұмыстарда көптеген бюрократиялық кемшіліктер анықталды. Мәселен, қазіргі кезде ел ішіндегі көлік қозғалысының тығыздығы шекара аумағымен салыстырғанда 9 есе артық. Соған қарамастан, республикада бар 67 көліктік бақылау бекеттерінің 42-сі немесе 60 пайызы шекара аумағында орналасқан. Осы және көліктік бақылау саласындағы мамандардың аздығына байланысты комитет басшылығы өзінің бірқатар міндеттерін кеден органдарына тапсыру туралы шешім қабылдады. Бұған қоса, еліміздегі 35 стационарлық бақылау бекеті 6 негізгі транзиттік жолдарға жұмылдырылып, жылжымалы бақылау қызметтерін ұйымдастыру көзделген. Комитет төрағасы Ә.Барменқұловтың айтуынша, жылжымалы мобильді қызметтерін жабдықтау және оларды күтіп-ұстау 5 есе арзанға түседі. Ал ең бастысы, аталған шұғыл топтар жергілікті және республикалық маңызы бар жолдардағы жүк тасымалдау ережелерін бұзу фактілерін тез арада анықтай алады. Бұл қызмет топтары жаңа техникамен жабдықталмақ.

«Еліміздің көліктік бақылау саласындағы алғашқы реформаны жүзеге асырудың алдында біз 1999 жылдан бері қабылданған көліктік бақылау құрылымын тереңдей зерттеп шықтық. Осының нәтижесінде 16 аумақтық инспекцияны 7 өңірлік бақылау инспекциясына қайта құру туралы шешім қабылдадық. Біздіңше, бұл - отандық көліктік бақылауды ұйымдастырудың оңтайлы әдісі. Енді біз еліміздің ішкі жүк тасымалдау мәселесіне ерекше назар аударатын боламыз», - дейді Ә.Барменқұлов.

Өз сөзінде Ә.Барменқұлов көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлық мәселесіне ерекше тоқталып, осы орайда да бірқатар іс-шараларды жүзеге асыру қажеттігіне тоқталды. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде жемқорлық әрекеттері, көп жағдайда, бақылау бекеттерінде және шетелдік рұқсат қағаздарын беру кезінде орын алуда. Комитет басшысының пайымдауынша, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында көліктік бақылау жүйесін барынша автоматтандыру қажет. Осыған орай Көліктік бақылау комитеті жүк тасымалдауды қозғалыс кезінде бақылауға мүмкіндік беретін жаңа автоматты жүйені әзірлеуде. Оған сәйкес, жүк тасымалдау ережелерін бұзған автокөліктер қозғалыс кезінде анықталып, кезекті бақылау бекетінде тоқтатылатын болады. Аталған жүйе жол тығыздығын жеңілдетіп, бақылау бекеттері алдындағы кептелістерді жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бүгінгі таңда рұқсат қағаздарын беру саласында да осындай тәжірибе енгізілуде. Оның арқасында көлік тасымалдаушылар мен бақылаушы органдар арасындағы қарым-қатынасты барынша азайту жоспарланып отыр.

ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына жіберілген «ҚР көлік мәселесі бойынша кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасына сәйкес отандық көлік жүргізушілеріне халықаралық тасымалдауға рұқсат беру, көлік өлшеудің халықаралық куәліктерін бекіту және қалааралық бағдардағы көлік қызметтерін лицензиялауды комитеттің құзырына беру көзделген. «Мәселен, қалааралық көлік қызметтерін лицензиялау арқылы біз кәсіби көлік жүргізуші мамандардын іріктеп, жолаушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын жаңа сапалы деңгейге шығара аламыз. Сондықтан мен бүгінгі жиынға қатысып отырған Парламент Мәжілісінің депутаттарын қарауға жіберілген заң жобасына қолдау көрсетуге шақырамын», - деді Ә.Барменқұлов.

Сондай-ақ комитет басшысы көлік жүргізушілердің сауаттылығын арттыру мәселесіне де баса наза аударды. Оның мәліметі бойынша ағымдағы жылдың басынан бері жүк тасымалдау ережелерін бұзған 1214 көлік жүргізушісіне 100  млн. теңгеден астам айыппұлдар салынды. Оған қоса, көлік құралдарының жүкті артығымен тасымалдауы салдарынан еліміздегі негізгі жолдар бұзылып жатыр. Мәселен, тек инерттік жүктерді тасымалдау кезінде Астана - Қарағанды тас жолына 15 млрд. теңгеге жуық шығын келеді екен. Бүгінде жүк тасымалдау ережелерін бұзудың нәтижесінде Астана маңайындағы жолдарды жөндеуге 37 млрд. теңге қажет.

«Бүгінгі жағдай еліміздің көлік саласында нақты жұмыстарды қолға алуды қажет етіп отыр. Сондықтан қазіргі кезде қордаланған мәселелерді шешу үшін біз көліктік бақылау саласында сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңесті құруды ұсынамыз. Оның негізгі қызметі жемқорлық оқиғаларын жан-жақты зерттеп, оның алғышарттарының алдын алып, сондай фактілерді барынша жою болмақ», - дейді Ә.Барменқұлов.

 Жиын барысында еліміздің саяси-қоғамдық ұйымдары жаңа заң жобасындағы көрсетілген бастамаларға қолдау білдіріп, бірлесіп жұмыс істеу жолында ортақ құжатты рәсімдеуді ұйғарды. Бақылау-қадағалау қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою, көлік заңдарын жетілдіру және көлік қызметі нарығының мәдени дамуына қажетті жағдай жасау мақсатында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитеті, «Нұр Отан» ХДП-сының «Бірлік» өңіраралық филиалының Саяси Кеңесі, ҚР Автомобиль тасымалдаушыларының халықаралық одағы, ҚР Автомобиль көлігімен жолаушыларды тасымалдау қауымдастығы және «Қалааралық жолаушылар автобусы тасымалдаушыларының және автовокзалдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігі қол қойды.