Көлік қауіпсіздігі құжаттарын заңсыз берген сертификаттау органдары жауапқа тартылды – министрлік

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев биылғы 10 айдағы мемлекеттік бақылаудың негізгі нәтижелерін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Комитеттің аумақтық департаменттері 2022 жылдың 10 айында 1326 мемлекеттік тексеру жасаған.

«Барлық тексерулердің 65% немесе 865 жағдайда бұзушылықтар анықталған. 122 ұйғарым беріліп, әкімшілік құқықбұзушылық іс бойынша 155 қаулы шығарылды. Әкімшілік айыппұлдар сомасы – 140,6 млн теңге, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 77%-ға артық», - деді Қуаныш Елікбаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, 70 аккредиттеу субъектісі тексеріліп, 55%-ында немесе 39-ында бұзушылықтар анықталды. Оларға 2,4 млн теңге айыппұл салынды.

«Бұл бұзушылықтар үшін бірқатар зертхана мен сертификаттау органдарының – «Петроэкспертиза» ЖШС, Қостанай қаласындағы «Акцент» компаниясы» ЖШС, «Полисертико» ЖШС, Қостанай қаласындағы «Диагностика KST-2012» ЖШС аккредиттеу аттестаты 6 айға тоқтатылды, олардың бір бөлігі заңды құқығын пайдаланып, сотта дауласып жатыр. Мысалы, Петропавлда «Петроэкспертиза» ЖШС автокөлік құралдарын қайта жабдықтау кезінде сынақ жүргізбей 50 құжат берген», - деді спикер.

Оның айтуынша, осындай бағалау жүргізетін бірнеше сарапшы-аудиторлардың аттестаттары тоқтатылып, 1,1 млн теңге әкімшілік айыппұл салынды.