ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында автокөлік қозғалтқышына қасақана құм құйып кеткен адам ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда қаласындағы техникалық жөндеу орталығында жөндеуден өтіп жатқан «Hyundai Accent» маркалы автокөлік қозғалтқышына белгісіз біреу әдейі құм құйып, оны зақымдаған. Материалдық шығын шамамен 1 миллион теңгені құрады.
Полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті ұсталды. Ол 1992 жылы дүниеге келген қала тұрғыны болып шықты.
«Күдіктіге қатысты ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түрінде бұлтартпау шарасы қолданылды. Қазіргі таңда бұл бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабының 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда айтарлықтай залал келтіріп, бөтеннің мүлкiн қасақана жою немесе бүлдiру жағдайы көрсетілген», - деді Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.