Бұл туралы бүгін Астанада «Техникалық байқауды бәсекелі ортаға беру: жаңа көзқарас және перспективалар» атты дөңгелек үстелде Көлік және коммуникация министрлігі Көліктік бақылау комитетінің басқарма бастығы Думан Дүйсенбай айтты.
Жиын барысында көлік құралдарына техникалық байқауды жүргізуді бәсекелестік ортаға беруді қарастыратын, Ішкі істер министрлігіне техникалық байқауды уақытында өтуді бақылауды сақтай отырып, Көлік және коммуникация министрлігіне техникалық байқауды жүргізуді бақылау бойынша құзіретті жүктейтін заң жобасы таныстырылды.
Атап айтқанда заң жобасы бойынша үш кодекске, сондай-ақ төрт заңға өзгертулер енгізу қарастырылған.
Д. Дүйсенбайдың сөзіне қарағанда, бүгінде заң жобасы ҚР Үкіметінің қарауына енгізілді. Заң жобасында көрсетілген жаңа тәртіпке сәйкес ҚР Үкіметі техникалық байқауды жүргізудің тәртібін және мерзімін бекітеді. Ал ҚР Ішкі істер министрлігі автокөлік құралдарын желіде бақылайды. Сонымен қатар өз кезегінде Көлік және коммуникация министрлігі міндетті техникалық байқауды жүргізу бойынша стансыларды ұйымдастыру мен бақылауды қамтамасыз етуге құзіретті болады. «Яғни, министрлік техникалық байқау орталықтарының реестрін жүргізеді, мұнымен қоса техникалық байқаудың тәртібі мен сапасын қадағалайды»,- деді басқарма бастығы.
Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы бойынша техникалық байқаудың жаңа тәртібін 2011 жылы енгізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ бұл тұрғыда заңның күшіне енуін 2011 жылғы шілденің 1-інен бастайтын өтпелі кезең ескерілмек. «Осы өтпел кезең қалалар мен аудандарда тиісті техникалық байқау орталықтарын ұйымдастыруға, оларға техникалық байқау желілерін қажетті мөлшерде алуға, мамандарды даярлауға керек болады»,- деді басқарма бастығы.
«Заң күшіне енгенше техникалық байқаумен Жол полициясы органдары айналысады»,- деп түйіндеді ол.
Бүгінде республикада тіркелген автөкөлік құралдарының саны 3 миллионнан астам. 2006 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 83 пайызға артып отыр.