Көлік министрлігі Қызылорда-Көкшетау пойызымен кетіп бара жатқан 98 «қоянның» үстінен түсті

АСТАНА. 17 шілде. ҚазАқпарат - ҚР ККМ Көліктік бақылау комитеті 2012 жылғы 17 шілдеде № 55 Қызылорда-Көкшетау бағытындағы («Сұңқар-1» ЖШС) жолаушылар пойызына тексеру жүргізді. Рейд барысында пойызға билетсіз мінген 98 жолаушы анықталды.

«Билетсіз мінген жолаушылардың 13 купе және плацкарт вагондарына жайғастырылғанын және пойызға билет алып мінген жолаушыларға қолайсыздық тудырғандарын айтып өту керек. Пойыз бригадасының қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген министрліктің баспасөз қызметі таратқан баспасөз айғағында.

Көліктік бақылау комитетінің қызметкерлері жаз мезгілінде темір жол көлігінде жолаушыларды, жүктерді тасымалдау ережелерін сақтау бойынша 2012 жылдың екінші жартыжылдығына арналған жұмыс жоспарына сәйкес темір жол көлігінде жолаушы тасымалдаумен айналысатын тасымалдаушыларға тексеру жүргізіп отырады.

Анықтама: плацкарт вагонының сыйымдылығы - 51 адам, купе вагонының сыйымдылығы - 37 адам. № 55 Қызылорда-Көкшетау бағытындағы жолаушылар пойызы барлығы 17 вагоннан тұрады: 9-купе, 8 плацкарт.