11:45, 12 Мамыр 2009
Көлік министрлігі Үкіметтен еліміздің әуе кемелері паркін жаңарту үшін инвестиция тартуда қолдау көрсетуді сұрайды
АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ – Көлік және коммуникация министрлігі Үкіметтен Қазақстанның әуе кемелері паркін жаңарту үшін инвестиция тартуда қолдау көрсетуді сұрап отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.«Еліміздің әуе кемелері паркін жаңарту үшін 2009-2011 жылдары 42 млрд. теңге инвестиция қажет. Инвестициялық компаниялар мемлекеттік кепілдік берілген жағдайда заемдар ұсынуға әзір. Сізден осы мәселе бойынша қолдау көрсетуіңізді сұраймын», деді бүгін Үкімет отырысында Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов Премьер-Министр Кәрім Мәсімовке қаратып айтқан сөзінде. Министр бұл өтінішін мынадай жағдаймен түсіндірді. Оның айтуынша, 2009 жылдың сәуір айында Еуропалық комиссия 6 қазақстандық әуе компаниясын, атап айтқанда ИСТ ВИНГ, Старлайн кз, АТМА, Көкшетау авикомпаниясы, «Бүркіт эйр» авикомпаниясы, «Саят эйр» авиакомпаниясын арнайы тізімге қосқан. Ол бойынша аталмыш авиакомпаниялар қазіргі заманғы техникалық стандарттарға сәйкес келмегендіктен, оларға Еуроодақтың әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салынған. Сонымен бір мезгілде биылғы сәуірде жоспарлы тексеру жүргізу кезінде ИКАО-ның беделді комиссиясы әуе кемелерін жабдықтау жағынан халықаралық қауіпсіздік стандартын сақтау қажеттігін атап өткен. Осыған байланысты 2010 жылдың наурызынан бастап еліміздің 47 әуе кемесі (Ан-24, Як-40, Ту-134, Фоккер-50) пайдалануға жіберілмейтін болады. Осы орайда министр әуе кемелерінің паркін жаңарту, ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар, әлеуметтік мәні бар рейстердегі авиатасымал құнын едәуір төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.