Көлік полицейлері 1 тоннадан астам есірткі тәркіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көлік полицейлері жасырынып жүрген 38 қылмыскерді ұстады. Бұл туралы ҚР ІІМ Көліктегі ішкі істер департаментінің жедел кеңесінде мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Кеңес барысында айтылғандай, 2016 жылы департаменттің қарауындағы учаскеде 2642 құқық бұзушылық тіркеліп, оның 1796-сы қылмыс және 846-сы теріс қылық санаттарына жатқызылды. Кешенді шаралардың нәтижесінде қылмыстар саны 11,2 пайызға, оның ішінде ауыр қылмыстар 6,5 пайызға төмендеген көрінеді.

Сонымен қатар бұзақылық - 28,8 пайызға, қарашылық -22,7 пайызға, алаяқтық - 20 пайызға, бөтеннің мүлкін ұрлау 10,2 пайызға азайды.

«Қылмыскерлерді іздестіру бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Өткен жылы ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағаны үшін ішкі істер органдарынан жасырынып жүрген 38 қылмыскер ұсталды»,-делінген департамент мәліметінде.

Жыл бойына департаменттің желілік бөлімшелері есірткі заттарының заңсыз айналымына байланысты 453 фактіні анықтады. Көлік полицейлері 1 тоннадан астам түрлі есірткі заттарды тәркіледі. Оның ішінде 3 келіден астамы героин.

Атап айтқанда, өткен жылы бұзақылық пен мәдениетсіздікке қатысты теріс қылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке 57 мың құқық бұзушы тартылды.