Көлік полицейлері Алматы облысында жасырын орыннан қару-жарақ тапты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көлік полицейлері Алматы облысында жасырын орыннан қару-жарақ тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Қонаев қаласының маңында жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында құрылыс қалдықтарының үйіндісі аумағында теріге оралған тегіс ұңғылы 4 аңшылық мылтық пен 12-калибрлі 22 оқ-дәрі тауып тәркіледі.

Көліктегі полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Оңал Бекеевтің мәлім еткеніндей, аталған дерек бойынша ҚР ҚК 287-бабы 3-бөлігіне (қару мен оқ-дәрілерді заңсыз сақтау) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

«Қазіргі кезде қару мен оқ-дәрілерді сақтауға қатысы бар адамдар анықталуда. Алынған заттай дәлелдемелер сот-баллистикалық сараптамаға жіберілді», - деді ҚазАқпарат тілшісіне О.Бекеев.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын елордада жолаушыға тиісіп, балағаттаған жүк тиеушінің жауапқа тартылғанын жазған болатынбыз.