Көлік полицейлері Елбасы Жолдауын талқылады
Департаменттің жеке құрамының алдында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Тұрғын Сыздықов пен Қазақстанның коммунистік халықтық партиясының өкілі Марат Әубәкіров баяндама жасады.
Басқосуды ашқан Көліктегі ІІД бастығының орынбасары полиция полковнигі Ренат Унарбеков бүгінгі таңда Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы мен ҚР Президенті -Ұлт Көшбасшысының билік тармақтарының арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу туралы Үндеуінің маңыздылығына кеңінен тоқталды.
Өз кезегінде сөз алған Т. Сыздықов ел дамуының жаңа кезеңін айқындап берген тарихи құжаттың негізгі аспектілерін жиналғандарға түсіндірді. «Жолдаудағы бес негізгі басымдықтардың бәрі бизнес саласын дамытуға және оның өзекті мәселелерін шешуге бағытталған. Бүгінгі күні әрбір қазақстандық еліміздің дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін бар күш-жігерін жұмсауы қажет. Бұл үшін бізде барлық мүмкіндіктер бар»,- деді халық қалаулысы.
«Еліміздегі тұрақтылық - бұл мемлекет дамуына жағдай жасайтын, сөйтіп барлық мақсаттарымызды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін басты байлығымыз. Біз тәуелсіз жылдары ішінде азаматтарымыздың, қоғамның және мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тиімді құқық қорғау жүйесін қалыптастыра алдық. Олай болса, қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғау жолындағы қызметтеріңізге мол табыстар тілеймін деді, - деді Т. Сыздықов.
Бұдан соң сөз алған ҚКХП өкілі М. Әубәкіров Жолдаудың білім саласын нығайтуға және тұрғын үй мәселелерін шешуге бағытталған басым бағыттарына айрықша тоқталып өтті.
Талқылау барысында Елбасы Жолдауындағы басым бағыттардың бірі әрі бірегейі саналатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі де қызу талқыланды.
Сондай-ақ, маңызды жиында департамент жеке құрамы арасындағы қоғамдық тәртіпті күшейту, тәртіп пен заңдылықты сақтау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті нығайту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.
Баяндамашылар қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды. Көліктегі ІІД баспасөз қызметі.