Көлік полицейлері жыл басынан бері 320 келіден аса есірткі заттарын тәркіледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл жыл басынан бері Көліктегі ІІД қызметкерлері 60 есірткі қылмысын анықтады, соның ішінде есірткі заттарының контрабандасына қатысты 3 факті, есірткі заттарының заңсыз айналымына қатысты 161 қылмыстық теріс қылық, сондай-ақ, 322 келі есірткі заттары тәркіленіп алынды, деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Мәселен, 11 маусым күні сағат 07.05-те Шу станциясындағы Желілік полиция бөлімінің қызметкерлері «Көкнәр-2016» жедел-профилактикалық іс-шарасының барысында «Шу-Құмөзек» өткелінде Жамбыл облысының 21 жастағы тұрғынын ұстады.

Тексеру барысында одан өзіндік иісі бар, жасыл түсті өсімдік тектес зат табылып, тәркіленіп алынды.
Сараптама қорытындысы бойынша оның жалпы салмағы 5 келі 440 граммды құрайтын «марихуана» есірткі заты екендігі анықталды.

Сол күні, саған 8.00-де Жамбыл облысының 1992 жылы туған тұрғыны ұсталды.
Тексеру барысында одан өзіндік иісі бар, жасыл түсті өсімдік тектес зат табылып, тәркіленіп алынды.
Сараптама қорытындысы бойынша оның жалпы салмағы 5 келі 900 граммды құрайтын «марихуана» есірткі заты екендігі анықталды.

Аталған факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестріне ҚР ҚК-нің 297 бабы (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша тіркелді.

Күдіктілер Шу стансасындағы ЖПБ-нің уақытша ұстау изоляторына отырғызылды.

Қазіргі уақытта күдіктілердің осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы анықталуда.