Көлік саласында жалпы сомасы 2,4 трлн. теңгеге 57 жоба іске асырылады

қпанның 19-ы. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Алдағы жылдары жалпы инвестиция көлемі 6,5 трлн. теңгенің 162 жобасын жүзеге асыру жоспарланған.

Бұл туралы бүгін Астанада Елбасының Жолдауын жүзеге асыру міндеттеріне арналған алқа мәжілісінде Әбілғазы Құсайынов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасының тапсырмасы бойынша Үкімет Үдемелі индустриялдық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы мен еліміздің индустрияландырудың айқындалған картасын әзірледі»,-деді министр.

Бұл екі құжат алдағы 5 жылда іске асырылатын нақты жоспар екенін жеткізген ведомство басшысы, «жалпы инвестиция көлемі 6,5 трлн. теңгенің 162 жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Бұл еліміздің ішкі жалпы өнімінің 40 пайыздан астамы», деді.

Ә. Құсайыновтың сөзіне қарағанда, аталған бағдарлама бойынша көлік саласында жалпы сомасы 2,4 трлн. теңгеге 57 жоба іске асырылады. Оның ішінде 1,1 трлн. теңгені құрайтын 6 жоба Индустрияландырудың базалық картасына енген. Атап айтқанда, олардың арасында автомобиль жолдары саласында 3 жоба, теміржол бағытында 2, сондай-ақ азаматтық авиацияда 1 жоба бар.