Көлік шаруашылығы еліміздің жалпы ішкі өнімінің 7,3 пайызын қамтамасыз етіп отыр

АСТАНА. 1 сәуір. ҚазАқпарат - Қазіргі таңда көлік шаруашылығы елдің жалпы ішкі өнімінің 7,3 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

Бүгін Парламент Мәжілісінде көлік инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне арналған Үкімет сағатында Экономикалық даму және өңірлік реформа комитетінің төрағасы Сейітсұлтан Әйімбетов осылай мәлім етті.

Депутаттың айтуынша, экономиканың ірі базалық салаларының бірі ретінде көлік инфрақұрылымын дамыту ел экономикасын арттырудың маңызды факторларының бірі болып табылады. «Сондықтан да, кейінгі жылдары инфрақұрылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс атқарылды, қарқыны әлі де артып келеді. Елбасы былтырғы Жолдауында да көлік инфрақұрылымы экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге тиіс екенін айтқан болатын. Бүгінгі таңда көлік шаруашылығы елдің жалпы ішкі өнімінің 7,3 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Бұл салада 572 мың адам жұмыс істеп жатыр», - деді комитет төрағасы.

Оның айтуынша, бүгінгі күні көлік саласын дамытуда жағымды көрсеткіштерге қол жеткізіп келеміз. Алайда, соған қарамастан әлі де кейбір шешімін таппай отырған мәселелер баршылық. Ал депутаттың пайымынша, бұлар саланың даму тиімділігіне кері әсер етіп отыр. Мәселен, оның сөзіне қарағанда көлік инфрақұрылымындағы сервистің жай-күйі әлі де қанағаттандырмайды. Тариф саясаты да жетілмеген. Ғылыми-техникалық әзірлемелер мен инновациялық технологияларды енгізу тетіктері дамымай жатыр. «Инженерлік-техникалық мамандықтар бойынша кадрлар да тапшы. Бақылау деңгейі де айтарлықтай емес деп айтуға болады», - деді депутат С. Әйімбетов.