Көлік тұрағына таласқан бір таксист екіншісін басынан атып тастады

ҚАРАҒАНДЫ. 24 мамыр. ҚазАқпарат - Қарағандыда көлік тұрағына таласқан бір таксист екіншісінің басына травматикалық тапаншадан оқ атты. Бұл туралы облыстық ІІД-нің жол полициясы басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Полицияның ақпаратынша, оқиға 23 мамыр күні вокзал маңындағы алаңда орын алды. 

«60 жастағы такси жүргізушісі оқтан жарақат алған. Жәбірленуші облыстық медициналық орталығына жеткізілді. Облыстық ІІД-нің жол полициясы инспекторы, полиция сержанты Арман Арапов ер азаматқа травматикалық тапаншадан оқ атқан бұзақыны ұстады. Ол 57 жастағы таксиші болып шықты», - деді ЖПБ-ның баспасөз орталығынан.

Ұсталған азамат алдағы талқылау үшін полиция бөліміне тапсырылды. Оның айтуынша, жанжалға көліктерді қою орны себеп болған.

«Бұзақыны ұстаған жол полициясының инспекторы көлік вокзалының алдында қызметін атқарып, жол жөндеу жұмыстарымен айналысқан жол қызметкерлеріне көмегін көрсетіп тұрды. Теміржол вокзалының қасында орналасқан көлік тұрағы жағынан дыбыс естіген ол оқиға орнына барған. ЖПБ-ның басшылығы қылмысты «ізін суытпай» ашуға септігін тигізген қырағылығы мен жанкештілігі үшін полиция сержанты А.Араповты марапаттауға ұсынды», - деп атап өтті ведомствоның баспасөз қызметінен.