«Бұл күндері Алматыда криминалдық жағдайды қалыпқа келтіруге бағытталған «Құқық тәртібі» атты кеңейтілген арнайы жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде. Осы негізде күнделікті орын алатын қылмыстардың алдын алу және ізін кесу мақсатында қала көшелеріне құрамында криминалдық полицияның тәжірибелі мамандары мен қоса жол полициясы инспекторлары және жедел әрекет ету жасағының сарбаздары бар 20-дан аса «Фотон» түнгі іздестіру тобы қала тәртібін қамтамасыз етеді. Ал жоғарыда көрсетілген қылмыстық іс осындай іздестіру тобының арқасында ашылып отыр», - деді Алматы қаласы ІІД Криминалды полиция басқармасы бастығы, полиция полковнигі Амангелді Шідерқұлов.
Полицейлер назарын Жандосов көшесімен Қаскелеңге қарай бағыт алып бара жатқан ескі автокөлік аударған. Ол полицейлер көлігін көре салысымен жылдамдығын арттырып із жасыруға ниеттенген. Полиция құрығынан құтылып кетпекші болған ол алдында кетіп бара жатқан «Субару» көлігімен соқтығысып қалады. Алайда қылмыскерді бұл да тоқтата алған жоқ еді.
«Фотон» экипажы өздерінің әріптестеріне хабарласып, қылмыскер жолына тосқауыл қоюды өтінеді. Көлік тізгініне ішкілікке сылқия тойып алып отырған бұл азамат құрықтау кезінде тәртіп сақшыларына бағынбай қарсылық көрсетті. Сонымен қатар ол темір тұлпарының бірде-бір құжатын көрсете де алмады. Қазіргі кезде бұл азаматқа катысты өзгенің мүлкін иемденгені үшін ашылған қылмыстық іс Әуезов аудандық ІІБ-де егжей-тегжейлі тексерілуде», - деп атап көрсетті Амангелді Шідерқұлов.