Көлік үшін зейнеткердің өмірін қиған күдікті құрықталды
Қолға түскен жігіт автокөлікті иелену мақсатында Оңтүстік Қазақстан облысының 64 жастағы тұрғынын өлтіргендігі анықталып отыр.
«Қарт кісі мамыр айының соңында із-түссіз жоғалып кеткен. Денесінде үш пышақ жарақаты бар жәбірленушінің мәйіті Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданындағы Темирлановка ауылының шетінде табылған. 64 жастағы зейнеткер «Опель-Вектра» автокөлігінде жеке тасымалдау қызметімен айналысқан. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, қылмыстық іс қозғалды», - деп мәлім етті бүгін Астанада өткен брифингте ҚР ІІМ-нің ресми өкілі Нұрділдә Ораз.
Тергеу амалдарының нәтижесіне сәйкес, күдіктінің сыбайластары болған деген болжам бар. Қазір оларды анықтау мақсатында іс-шаралар жүргізілуде. Жәбірленушінің автокөлігі тұрған жерді анықтау жұмыстары да жалғасуда.