Көлік және комммуникация министрлігі: Лаңкестікке қарсы әрекет мәселелері талқыланды

АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат - Кеше ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде ҚР Көлік және коммуникация вице-министрі Азат Бектұровтың қатысуымен лаңкестікке қарсы әрекет комиссиясының отырысы өтті.

Отырысқа министрліктің құрылымдық бөлімшелері, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және «ӘТЖК» АҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат аталмыш ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әділет Барменқұлов Көлік және коммуникация министрлігінің 2007-2009 жылдарға арналған Қазақстан Республикасында лаңкестік, экстремизм және сепаратизммен күресу жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын орындау барысы жөнінде баяндады. Биотерроршылдыққа қарсы әрекет жасау, республика аймағына басқа да террор құралдарын әкелуге жол бермеу мақсатында мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде бақылауды күшейтуге арналған шаралар қолданылуда.Автокөлік және жүк тасымалдау құжаттарын тексеру қатаң қадағалануда, жақын және алыс шет елдерге адам және жүк тасымалымен айналысатын жүргізушілермен жұмыс жүргізілуде. Стратегиялық нысандарды күзету тәртібін күшейтуге, лаңкестік қауіптен қорғауға, оның ішінде террорға қарсы оқу-жаттығулар өткізілуде. Халықаралық және жергілікті қатынастағы пойыздарда ҰҚК департаменті, ішкі істер желілік бөлімшесі және көлік прокуратурасымен бірлесіп, лаңкестік акцияларының алдын алу және тоқтату, тыйым салынған діни әдебиеттерді тасу фактілерін анықтау мақсатында рейдтік тексерулер жүргізіледі.Барлық әуежайларда видеобақылау жүйесі енгізілген, оларды қазіргі заманғы тексеру құралдарымен жабдықтау ісі бақылауға алынған, әуежайлардың авиациялық қауіпсіздік қызметі жедел радиобайланысымен жарақталған, өтімділігі жоғары патрульдік автомомобильдері мен форма бойынша киімдері бар. «Ақтау халықаралық сауда порты» РМК-нда ҚР ҰҚК Шекаралық қызметінің бақылау-өткізу бекеттері құрылған және орналастырылған. Мұнай және құрғақ жүк таситын шетелдік кемелер, порт айлағына келген бетте, сүңгуірлердің арнайы бөлімшелері кемелердің су астындағы бөлігінде жарылғыш құрылғылар, есірткі, улы химикаттарды және басқа алып өтуге болмайтын материалдарды анықтау мақсатында тексерістер өткізеді.