Жиналысқа Бас прокуратура, Бас көліктік прокуратура, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекаралық қызметі, Қаржы министрлігінің кедендік бақылау комитеті, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ, Астана мен Алматы қалалары әуежайлары және «Эйр Астана» мен «Скат» авиакомпанияларының өкілдері қатысты.
Жиналысты аша отырып, министр Берік Камалиев ұшудың жүйелілігі мәселесі Елбасының ерекше назарында екендігін атап өтті.
Астана әуежайындағы ағымдағы жылдың 8 айында ұшу жүйелілігі 86% құрағанын Б. Камалиев атай отырып, кідірістердің негізі себептері әуе кемелерінің кешігіп келуі (64%), әуе кемелерінің ақаулығы (9%), әуежайлардағы метеорологиялық жағдайларға байланысты (8%) болып отырғандығын айтты. Сондай-ақ, жолаушыларды тіркеу кезінде қызметтердің өзара іс-қымлдарын үйлестірудің жеткіліксіз болуынан аталған процедураларды оңтайландыру қажеттілігі туындайды. Министр «Эйр Астананы» рейстердің ұзақ кідіруі жалғасып жатқанын сынға алды.
Жиналыста ұшу жүйелілігін және көрсетілетін авиациялық қызметтердің сапасын арттыру бойынша іс шаралар жоспарының орындалу барысы талқыланды. Аталған жоспарға сәйкес көлік және коммуникация министрлігінде авиарейстердің жүйелі орындалуын бақылайтын оперативті штаб құрылды.
Ұшу жүйелілігі Қазақстанның әуежайларындағы шекаралық және кедендік қызметтердің іс-қимылдарының үйлесімділігіне тәуелді және әуе кемелерінің жердегі тұрып қалуларын барынша азайту мақсатында Іс шаралар жоспарына сәйкес шекаралық және кедендік қызметтермен процедураларды оңайлату жөнінде жұмыс жоспарланған. Бұл жұмыстар негізінен әуе кемелерін шекаралық бақылау уақытын қысқарту, паспорттық бақылау кезінде технологиялық жаңашылдықтарды қолдануға байланысты.
«Эйр Астана» мен «Скат» авиакомпаниялары және Астана мен Алматы әуежайларының басшыларын, сондай-ақ, көліктік прокуратура мен шекаралық қызмет өкілдерінің пікірлерін тыңдай келе, министр Берік Камалиев әуежайлардағы кедендік, шекаралық және паспорттық бақылау процедураларын жеңілдету мәселелері жөнінде жұмыс тобын құруды ұсынды. Аталған топ осы саладағы қызметті реттейтін заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстарды жасаумен айналысатын болады.