Көлік және коммуникация министрі навигация кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін су жолдарын күтіп-ұстауды тапсырды
Аталмыш кеңес барысында Семей, Павлодар, Шығыс-Қазақстан, Орал, Атырау, Балқаш, Іле су жолдары кәсіпорындарының басшылары есеп берді. Ұзындығы шамамен 4 мың километр болатын кеме қатынайтын су жолдарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша су жолдары кәсіпорындары өз құзыреті шегінде: навигациялық белгілерді қою және күтіп-ұстау, өзен түбін тереңдету және тазарту, түзету, арналарды зерттеу, 3 кеме қатынайтын шлюздерді күтіп-ұстау және флотты жөндеу сияқты шараларды жүзеге асырды.
Су жолдарын күтіп-ұстау жұмыстары уақытылы өткізілгендіктен, 2011 жылы онымен байланысты бір де бір төтенше көлік оқиғасы тіркелген жоқ. Мұны көліктік бақылау органдарының мәліметтері де растайды. Бүгінде өзен көлігі арқылы 1,2 миллион тонна әртүрлі жүк тасымалданады. Олардың негізгілері - жанар-жағар май, ағаш, құм, шақпақтас және басқа рудалық емес материалдар. Кеме қатынасын қайта жаңғырту және арзан су көлігінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың І тоқсанында Өскеменде өңірлік мәжіліс өткізу жоспарлануда. Жиналыс барысында өзен көлігінің қызметіне деген сұранысты арттыру үшін ұсыныстарды енгізіп, алдағы бірлескен қимылдардың ретін ойластыру көзделіп отыр.
Отырыстың қорытындысы бойынша Б. Камалиев еліміздің су жолдары кәсіпорындарының басшыларына навигация кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін су жолдарын тиісті деңгейде күтіп-ұстауды, салалық инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы және сапалы жүзеге асыруды, инертті материалдарды тасымалдауда су көлігін неғұрлым кеңірек пайдалану мүмкіндігін зерттеу мақсатында мониторинг жүргізуді тапсырды.