Министрліктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, бүгін ведомство басшысы құзырлы барлық мемлекеттік органдардың қатысуымен 7- Қысқы Азия ойындарына көлік нысандарының дайындығына қатысты жиналыс өткізді. Мәжілісте көтерілген басты тақырып Ресей Федерациясында болған қайғылы оқиғаға байланысты көлік нысандарында қауіпсіздік шараларын күшейту болды.
Ә.Құсайыновтың айтуынша, 2010 жылдың желтоқсан айында өткен Астана Саммитін есепке ала отырып, қазіргі таңда еліміздің басты көлік тоғысы болып табылатын Астана және Алматы қалаларындағы әуежайлар мен теміржол вокзалдары Азиада қонақтарын қарсы алуға дайын. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары тек Азиада күндерінде ғана емес, басқа уақыттарда да қолға алынатын болады. Бүгінгі күнге дейін жолаушылардың келіп-кетуіне бақылауды күшейту аймақтарын белгілеу, қосымша бақылау камераларын және жүктерді тексеру құрылғыларын орнату іс-шаралары жүргізілді.