Көлік және коммуникация министрлігі: Алматыдан Куала-Лумпурға алғашқы тікелей тұсаукесер авиарейс жасалды
деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметіне суілтеме жасап.
Алматы - Куала-Лумпур - Алматы тұсаукесер авиарейсіне Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрлігінің азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Талғат Ластаев және Малазия делегациясын басқарып келген азаматтық авиация департаментінің директоры Ажаруддин Абдел Рахман қатысты.
Малазия астанасы Куала-Лумпур қаласына тікелей жаңа рейсті «Эйр Астана» авиакомпаниясы орындайды. Осы арқылы, Қазақстанның ұлттық тасымалдаушысы бұған дейін қалыптасқан Алматы - Бангкок, Алматы - Бейжің, Астана - Үрімші және Алматы - Сеул авиақатынас рейстерінің қатарына аталмыш бағытты қосу арқылы Азия -Тынық мұхит аумағындағы өзінің қатынау шеңберін ұлғайтып отыр.
Рейс сенбі күндері Боинг 767 авиалайнерімен орындалады. Куала-Лумпурға дейін ұшу уақыты 8 сағат.
Әуежайлық алым мен өзге де салықтарды қоспағанда, екі бағыттағы авиабилет құны эконом-класс бойынша 95 000 теңгеден бастап және бизнес класста 266 300 теңгені құрайды.
Осы тарифтер жүйесі «Эйр Астана» аптасына үш рет орындайтын Алматы - Бангкок - Алматы бағыты сегменттері бойынша Куала-Лумпурдан (Куала-Лумпурға) ұшуды ұштастыруға мүмкіндік береді.