Бүгін осыған орай, ҚР Көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов баспасөз мәслихатын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жобасы Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең ірі жобалардың бірі. Бұған дейін бұндай ауқымдағы жобалар ұзақ жылдар бойы жүзеге асатын. Өйткені, осындай деңгейдегі қаржыландыру бұрын- соңды болмаған. Жалпы, Елбасының идеясымен жүзеге асып жатқан жобаның болашақ маңызы одан да ауқымды», деді Ә. Құсайынов.
Баспасөз шеруіне қатысушы журналистер 5 күн бойы жоба нақты іске асырылып жатқан төрт облыс - Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда және Ақтөбе облыстары бойынша 2 мың 200 шақырымнан астам жол жүреді. Журналистер сапар барысында тек қана құрылыс учаскелерінің жұмыстарымен танысып қана қоймай, жобаның іске асырылуының мультипликативтік әсерін көре алады. Яғни, аймақтардағы экономиканың дамуын, жаңа өндірістердің ашылуы мен ескі өндірістердің қайта жаңаруы, жұмыс орындарының ашылуына назар аудара отырып, тек қана ққұрылыс барысында ғана емес, оның аяқталуынан кейін де тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз ету секілді мәселелермен танысады. Сондықтан да, шерудің басты мақсаты - БАҚ арқылы «ғасыр құрылысына» айналған мега-жобаның іске асырылуымен жұртшылықты таныстыру.
Естеріңізге сала кетейік, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің қазақстандық учаскесінің ұзақтығы 2 мың 787 шақырым, олардың 2 мың 452 шақырымы қайта салуға жатады. Баспасөз шеруі маусымның 19-ы мен 25-і аралығында жоғарыда аталған төрт облыс бойынша жүзеге асады.