Көлік және коммуникация министрлігі қазақстандық 3 авиакомпаниядан пайдаланушы сертификатын қайтарып алды

АСТАНА. 17 шілде. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің Азаматтық авиация комитеті қызметкерлері ИКАО сарапшыларымен бірлесе отырып жүргізген қайта сертификаттау нәтижесінде

«D.E.T.A. Air» АҚ, АК «МЕГА» АҚ және «ҚазЭйр Уэст» АҚ авиакомпанияларының ұшуды жүзеге асыруға рұқсат беретін сертификатын қайтарып алды.

Бұл шаралар компаниялардың өз қызметтерін сертификациялық талаптарға сай жүргізбеуіне орай қабылданып отыр. Сертификациялық тексерулер бойынша анықталған ескертулерге сәйкес, атап айтқанда компания штатындағы қызметкерлер санының аз болуы, сондай-ақ ұшу құжаттарының, инженерлік-техникалық қызмет көрсетудің талаптарға сай келмеуіне орай 5 авиакомпанияның (АК «Samal Air» АҚ, «Азия Континенталь Эйрлайнс» АҚ, «Евро-Азия Интернейшнл» АҚ, «Семейавиа» АҚ және АК «Irtysh-Air» АҚ) пайдаланушы сертификатының жарамдылық мерзімі тоқтатылды.

Аталған компаниялар берілген ескертулерді ағымдағы жылғы 1 тамызға дейін орындамаған жағдайда, олардың сертификаттары өз күшін жояды. Халықаралық ұшуларды жүзеге асырумен айналысатын қазақстандық авиакомпаниялар мен әуе кемелерін қайта сертификаттау үдерісі ИКАО-ның ұсынысы бойынша ағымдағы жылдың наурыз айында басталған болатын. Бүгінгі күні 32 авиакомпания, техникалық қызмет көрсетумен айналысатын 29 ұйым және 73 әуе кемесі қайта сертификаттаудан өтті.

Азаматтық авиация комитеті ИКАО қызметкерлерімен бірлесе отырып коммерциялық ұшуларды жүзеге асырумен айналысатын авиакомпанияларға қайта сертификаттау үдерісін жүргізуге ағымдағы жылдың наурыз айында кіріскен болатын. Азаматтық авиация комитеті аталған жұмысты тамыз айының соңына дейін толық аяқтауды көздеп отыр.