Көлік және коммуникация министрлігі: Жоғары деңгейдегі конференцияда авиация мәселесі қаралды

АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат. Бұрын хабарланғандай, 2010 жылғы 29 наурыздан 1 сәуір аралығында Монреаль қаласында (Канада) ұшу қауіпсіздігі бойынша Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (бұдан әрі - ИКАО) жоғары деңгейдегі конференциясы өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметіне слтеме жасап.

Конференцияның мақсаты - ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты ИКАО-ның негізгі шараларын нәтижелі және тиімді орындау үшін қажетті ұсыныстарды талқылау және жасақтау.

Конференция аясында Қазақстан Республикасы көлік және коммуникация министрі Әбілғазы Құсайынов пен ИКАО-ның Бас хатшысы Раймон Бенжамен арасында ұшу қауіпсіздігі мен азаматтық авиацияны дамыту саласында қарым-қатынас пен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланған екіжақты кездесу өткізілді. Аталған кездесу Қазақстан мен ИКАО арасындағы қарым-қатынас тарихындағы алғашқы кездесу екендігін атап өткен жөн.

Сонымен қатар, сапар аясында қазақстандық делегация Канаданың өңіраралық әуе кемелерін шығаратын авиазауыттарды аралады.