Көлік және коммуникация вице-министрі Қызылорда және Ақтөбе облыстарындағы «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» жобасының іске асыру барысымен танысты

АСТАНА. 30 маусым. ҚазАқпарат. 27-29 маусымда Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация вице-министрі Роман Скляр Қызылорда және Ақтөбе облыстарына жұмыс сапарымен болды.

Онда ол «Батыс Еуропа - Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автомобиль дәлізінің қайта салу жобасын іске асырылу барысымен танысты, деп хабарлады ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

Жалпы Қызылорда облысы бойынша ұзақтығы 812 шақырым жол учаскесі қайта салуды қажет етеді. Қазір жұмыстар 15 учаскеде жүргізілуде. 2010 жылы 197 шақырым асфальт-бетон жабынының төменгі қабаты төселді. Ағымдағы жылы 79,9 млрд теңгені игеру және І санат бойынша 166 шақырым, ІІ санат бойынша 352 шақырым жол салу жоспарланған. Ағымдағы жылғы 27 маусым бойынша 2 357 жол-құрылыс техникасы жұмылдырылып, 15 996 адам, соның ішінде, 9 300 адам жергілікті қызметкерлер жұмысқа тартылды.

Роман Скляр «Азеркопу» ААҚ және «Тодини» АҚ, «Аккорд-Окан» АҚ, «Импреза» АҚ және «Салини» АҚ компанияларының учаскелеріндегі құрылыс барысымен танысты.

Іссапар соңында Ақтөбе облысының учаскелерін қарап шықты. Осы өңірде жалпы ұзақтығы 355 шақырым жол учаскесі қайта салуды қажет етеді. Конкурстың қорытындысы бойынша, «Дженгиз Иншаат» (Түркия) компаниясы Ресей Федерациясы шекарасы - Мәртүк - Ақтөбе учаскесінде қайта салу жұмыстарын жүргізеді. Бұл компания ағымдағы жылы 60 шақырым жолдың асфальт-бетон жамылғысының астыңғы қабатын салуды жоспарлаған.

Ұзақтығы 39,3 шақырымды құрайтын Ақтөбе қаласының Солтүстік айналма жолы учаскесін халықаралық займдар мен республикалық бюджеттен қаржыландыру жоспарланған.

215 шақырымды құрайтын Қарабұтақ - Ырғыз - Қызылорда облысы шекарасы учаскесінде құрылыс жұмыстары толығымен аяқталды.

Ағымдағы жылы осы өңір бойынша 10,1 мрлд теңге игеру және 82 шақырым жолды салу жоспарға қойылды. Ағымдығы жылғы 27 маусымдағы жағдай бойынша 195 техника жұмылдырылып, 542 адам, оның ішінде, 505 адам жергілікті қызметкерлер жұмысқа тартылды.

Көлік вице-министрі Роман Скляр облыс департаменттеріне өндіріс жұмыстарының кесте бойынша орындалуын, техника мен қызметкерлерді жұмылдыруды, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларын қамтамасыз етілуін, уақытылы ақша төленуін ерекше бақылауға алуды, сондай-ақ, жұмыс барысында пайда болған мәселерді шұғыл шешуді тапсырды.