Көліктегі ішкі істер департаментінің қызметкерлері өткен тәулікте тіркелген жеті қылмыстың алтауының ізін суытпай ашты
10:27, 27 Желтоқсан 2011
АСТАНА. 27 желтоқсан. ҚазАқпарат - Өткен тәулікте Ішкі істер министрлігінің Көліктегі ішкі істер департаментінің қызмет көрсету аумағында 7 қылмыс тіркелді.
Олардың арасында криминалдық полиция желісі бойынша -7 қылмыс тіркелді. Осы 7 қылмыстың 6-ның ізі сумай ашылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің Көліктегі ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлайды.
Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, желтоқсанның 26-ы күні сағат 02-00 шамасында Сексеуіл стансасының желілік полиция пунктіне Ташкент стансасының жолсерігі келіп, Арал-Сексеуіл бекетінде «Ташкент-Москва» жолаушылар пойызында құны 38 мың тұратын «Нокиа-6700» ұялы телефонын белгісіз тұлғаның ұрлап кеткені жөнінде шағымданды. Жедел-іздестіру шарасы барысында Сексеуіл стансасының теміржол вокзалынан 1993 жылы туған Арал қаласының азаматы ұсталды.