Департамент қабырғасында өткен жиынға ҚР Қаржы министрлігінің жауапты хатшысы Наталья Коржова, Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Аида Құрманғалиева және Көліктегі ішкі істер департаментінің басшысы Қанат Түксаитов қатысты.
Жолдауды талқыға салу барысында Н. Коржова денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік саладағы басты міндеттерді тілге тиек етті. Сонымен қатар инновациялық индустрияландыру бағдарламасы мен жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясына ерекше тоқталды.
«Жұмыспен қамтудың жаңа стратегиясы республикамыздың шалғай жатқан ауылдық аймақтарының дамуына жаңа дем беріп, халықты жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге септігін тигізбек, ауыл шаруашылығын дамытуға, кәсіпкерлікті ілгерілетуге қолайлы жағдайлар жасалмақ. Мамандарды қайта даярлау, жалдамалы тұрғын үй мәселесін жолға қою арқылы азаматтарға қолдау көрсету қарастырылған. Бұл бағдарлама - кеңестік кеңістік мемлекеттерінде баламасы жоқ, бірегей бағдарлама», - деді өз сөзінде Н.Коржова.