Көліктегі Орталық ІІД бірінші жартыжылдықты қорытындылады

АСТАНА. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат - Көліктегі Орталық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Қанат Тоқсейітовтың төрағалығымен аталған ведомствоның ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы жедел қызметінің жұмыс нәтижелері мен жеке құрам арасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жай-күйі талқыланды.

Бұл ақпаратты Көліктегі орталық ІІД баспасөз қызметі таратып отыр.

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, соңғы алты ай ішінде Көліктегі Орталық ІІД қызмет көрсететін аймақта түрлі сипаттағы 1640 қылмыстар мен оқиғалар туралы арыздар тіркеліп, оның 456 фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Көлік полицейлері жыл басынан бері есірткі бизнесіне қарсы күрес желісі бойынша 219 қылмыстың бетін ашты. Оның ішінде 28 факті - есірткі өткізу, ал 5-еуі контрабанда бойынша тіркелген. Сондай-ақ, Көліктегі Орталық ІІД қызмет көрсету учаскесінде жасалған ұрлықтарға қатысты 116 қылмыстық іс қозғалып, тонау фактісіне қатысты 4 қылмыс ашылған.

«Көліктегі Орталық ІІД-де жеке құрам арасындағы сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында заңдылықты, тәртіпті нығайту негізінде жұмыстар жүргізіп отырады. Өзіндік қауіпсіздік бөлімімен бірлесіп, сыбайлас жемқорлық пен қылмыстардың алдын алу бойынша рейдтік іс-шаралар өткізіледі», делінген баспасөз хабарламасында.

Жалпы бірінші жартыжылдықта Көліктегі Орталық ІІД қызмет көрсету учаскісінде қылмыс санының біршама төмендегені байқалады. Сонымен қатар халық көп шоғырланған темір жол вокзалдарында да әртүрлі санаттағы қылмыстардың саны азайды.