Көліктегі полиция департаменті: Үш күнде 1200 құқықбұзушы анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Көлік полицейлері «Құқықтық тәртіп» ЖПІШ өткізілген үш күн ішінде 1200-ден аса құқықбұзушыларды әкімшілік жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаментінің қызмет көрсету учаскесі бойынша үш күн ішінде 31 қылмыс пен қылмыстық теріс қылықтар тіркелді, оның ішінде 80%-ы кезекшілік тәулікте ашылды. Сонымен қатар бұрын жасалған 8 қылмыс ашылды. Іздестіруде жүрген 1 қылмыскер ұсталды. Бұл туралы Көліктегі ПД-нің бастығы полиция полковнигі Оңал Бекеев хабарлады.

«Сондай-ақ, көлік полицейлері әртүрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 1226 құқықбұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты, оның ішінде «мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша 410 тұлға»,- деді О. Бекиев.

Оның айтуынша, ағымдағы жылғы 28 сәуірде Маңғыстау-Алматы бағытындағы жолаушылар поезынан аталған поезд бастығының актісімен екі азамат түсіріліп алынды. Олар жол жүру барысында алкогольдік ішімдік ішіп, орынсыз мінез-құлық көрсеткен, жолсеріктердің ескертулерін тыңдамай, қоғамдық тәртіпті бұзған. Тексеріс барысында олардың 33 және 35 жастағы Нұр-Сұлтан қаласы мен Маңғыстау облысының тұрғындары екені белгілі болды.

Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес құқықбұзушыларда орта дәрежедегі алкогольдік масаңдық анықталды.

«Оларға қатысты ҚР ӘҚБтК 440-бабының 1-бөлігі бойынша (Қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу немесе алкогольдік мас күйінде болу), 437-бабы 1-бөлігі бойынша (Тыныштықты бұзу), 441-бабы 1-бөлігі бойынша (ҚР заңнамасы бойынша тыйым салынған орындарда темекі шегу), сонымен қатар 434-бабы 1-бөлігі (Ұсақ бұзақылық) бойынша 4 әкімшілік хаттама толтырылып, әрқайсына 30 АЕК көлемінде айыппұл түріндегі әкімшілік шара қолданылды»,- деді полиция полковнигі.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылғы 27-29 сәуір аралығында Көліктегі ПД-нің қызмет көрсету учаскесінде «Құқықтық тәртіп» ЖПІШ өткізілді. саламыз. Іс-шараның мақсаты – еліміздегі теміржол және әуе көлігі нысандарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, ескерту және алдын алу болып табылады.