Көлікті мас күйінде басқарған мүгедектер де жүргізуші куәлігінен айырылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Көлікті мас күйінде басқарған мүгедектер де жүргізуші куәлігінен айырылады. Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Жол қозғалысы туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында депутат Қанат Мусин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ендігі уақытта мас күйде екендігін куәландырудан бас тартқан жағдайда үш жылға жргізуші куәлігінен айыру жазасы қарастырылатын болады. Қазіргі уақытта мас күйде көлік басқарғаны үшін нормада 2 жылдық жаза белгіленген. Жұмыс тобы ұзақ уақыт талқылаудан кейін осы екі таптың санкцияларын теңестіру қажет деп шешті. Яғни,  мас күйде екендігін куәландырудан бас тарту мен мас күйде болу теңестіріледі», - деп түсіндірді депутат.

Сонымен қатар мәжілісмен мүгедек азаматтарға қатысты да жауапкершіліктің қатаңдатылатындығын баса айтты.

«Ендігі уақытта  мас күйде көлік құралын басқарғаны үшін мүгедектер де жүргізуші куәлігінен айырылады. Қазіргі уақытта оларға мұндай жаза қолданылмайды», - деді Қанат Мусин.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда жүргізуші куәлігінің  мерзімі өткен жағдайда қайта емтихан тапсыру жойылатындығын хабарлаған болатынбыз. 

Сондай-ақ елімізде көліктің әдемі мемлекеттік нөмірлер тізімі кеңейтілмек. Нөмірге сандық және әріптестік жаңа тіркестер қосылады.