Көліктік бақылау инспекциясы мамандарына түрмеге экскурсия ұйымдастырылды
СҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет бұл іс-шараны «түзету терапиясы» деп атаған. Бірер жыл бұрын қолға алынған іс-шара пандемияға байланысты тоқтап қалған еді. Бұл жолы көліктік бақылау инспекциясы мамандарына «ЕС-164/1» тергеу мекемесіне экскурсия ұйымдастырылды.
«Біздің қызметімізде алдын алу шаралары маңызды бағыт болғанымен, сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін ешкімді жазасыз қалдырғанымыз жоқ. Сіздердің ұжымдарыңызды бекерден таңдағанымыз жоқ. Өткен жылы көліктік бақылау саласындағы сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін 2 қызметкер сотталды. Биыл сәуір айында тағы екі маман пара алғаны үшін әрқайсысы 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ. Бүгін қылмыстың қайда апаратынын көріп, соңғы кезде қалыптасқан теріс үрдісті тоқтатасыздар деп үміттенеміз», - деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.
Экскурсия барысында тергеу изоляторының бастығы Рүстем Сағденов бүгінде 500-ге жуық адам сиятын мекеменің тек жартысы ғана толғанын айтып, «жеңіл ақша тапқысы келетіндер» үшін орындар жеткілікті екенін атап өтті.
Сөз соңында Нұрлан Жахин сыбайлас жемқорлыққа барған шенеуніктердің атқарған қызметтері мен дәрежесіне қарамастан, заңның барлық қатаңдығы бойынша жауапқа тартылатынын ескертті.
Осыған дейін СҚО-да меморган 1 келі макаронды 17 млн теңгеден сатып алмақ болғанын жазған болатынбыз.