Көлік апатынан балалар өлімі жиілеп кетті: Алматы полициясы мәлімдеме жасады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматы полициясы балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәлімдеме жасады.
Алматы қалалық полициясы балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көбейгенін айтып дабыл қағуда.
Өкінішке қарай, кейде жол апаттары кәмелетке толмағандардың өлімімен аяқталады.
– Бізді балалардың жол бойында ересектердің қарауынсыз қалып қоятыны және жол қауіпсіздігінің қарапайым дағдыларын білмейтіндігі алаңдатады. Бұл - ата-аналар мен заңды өкілдерінің немқұрайлылығы мен салғырттығының салдары. Балаларды қараусыз қалдырмауға шақырамыз. Есіңізде болсын, бір сәт - орны толмас нәрсе болуы мүмкін. Баланың қауіпсіздігі - сіздің тікелей жауапкершілігіңіз, – деді Алматы қалалық ПД анықтау басқармасының бастығы Ержан Шайхиев.
Сондай-ақ полиция өкілі ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына енгізілген өзгертулерге сәйкес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін жауапкершілік енді ата-аналар мен заңды өкіліне жүктелетінін еске салды.
Еске салайық, 2 сәуір күні Алматыда жүк көлігі 7 жасар қызды басып кетті. Жол-көлік оқиғасынан оқушы қыз мерт болды.
Сондай-ақ 3 сәуір күні жол апатынан тағы 7 жасар бала көз жұмды.