Көлік қаққан «Ливерпуль» клубы жанкүйерлерінің жағдайы мәлім болды

Фото: MerseyPolice / x.com

АСТАНА. KAZINFORM – «Ливерпуль» клубы жанкүйерлерін көлік қағу оқиғасы салдарынан 65 адам зардап шегіп, олардың 11-і ауруханада жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Дүйсенбі күні ағылшын премьер-лигасындағы «Ливерпуль» командасының жеңісін тойлап жатқан жанкүйерлерді көлік қағып кетіп, 11 адам ауруханаға түскен болатын. Зардап шеккендердің барлығы 65 адамға жетті.

Оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де Ливерпуль орталығында болды. Қала көшелерінде көлік қозғалысына шектеу қойылған болатын. Алайда оқиға болғанға дейін аз уақыт бұрын жүрек талмасы ұстауы мүмкін деген күдікпен шақырылған жедел жәрдем көлігі үшін бұл шектеу уақытша алынған еді.

Жегілікті полиция басшысы Дженни Симстің сөзінше, Ford Galaxy маркілі көлігінің жүргізушісі жедел жәрдем көлігінің артынан жүріп отырған. Сөйтіп, көлік жанкүйерлерді соққан. Оқиға салдарынан 11 адам ауруханада жатыр. Олардың жағдайы тұрақты деп бағаланып отыр.

Алайда Ливерпуль мэрі Стив Розерам сейсенбі күні таң ата төрт адамның жағдайы ауыр екенін жеткізді.

Шамасы әңгіме өрт сөндірушілер айтқан көліктің астында қалып қойған адамдар туралы болуы керек. Өйткені ол адамдарды шығару үшін көлікті көтеру керек болған.

Полиция 53 жастағы британиялық Ливерпуль тұрғынын ұстады. Ол кісі өлтіруге оқталды, көлікті қауіпті және есірткіге мас күйде жүргізді деген күдікпен қамауға алынды.

Күдікті қамауда отыр, оқиға бойынша тергеліп жатыр. Дүйсенбі күні кешкісін полиция «бұл теракт болуы мүмкін» деген нұсқаны жоққа шығарды.

Осыған дейін «Ливерпуль» клубының жанкүйерлерін көлік басып кеткені туралы хабарлаған болатынбыз.