Көлік қандай жағдайда айып тұрағына жеткізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Жол қозғалысы ережесін бұзған кез келген жағдайда көлік автоматты түрде айып тұрағына әкетілмейді. Автомобильді мәжбүрлеп эвакуациялау заңнамада көзделген нақты жағдайларда ғана қолданылады.

Фото: pixabay

Қостанай қаласы Полиция басқармасының мемлекеттік автоинспекторы Алтай Жұмабаевтың айтуынша, көлікті арнайы алаңға немесе тұраққа жеткізуге оны ұстауға заңды негіз болған кезде ғана жол беріледі.

Көлікті қандай жағдайда эвакуациялайды

Тәжірибеде ең жиі кездесетін себептердің бірі – тоқтау және тұраққа қою ережелерін бұзу.

Автомобиль жол қозғалысына кедергі келтірсе, жолдың жүретін бөлігін немесе көлік кіріп-шығатын жерді жауып қалса, басқа жол қозғалысына қатысушыларға бөгет жасаса немесе қауіп төндірсе, оны эвакуациялауы мүмкін.

– Көлік құралын эвакуациялау Жол қозғалысы ережесін бұзған әрбір жағдайда автоматты түрде қолданылмайды. Автомобильді ұстап, арнайы алаңға немесе тұраққа жеткізуге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда ғана жол беріледі. Бұл шара көлік құралын ұстауға негіз болған құқық бұзушылық анықталып, оның себебін жою қажет болған жағдайда қолданылады, – деді Алтай Жұмабаев.

Сонымен қатар ереже бұзылғанының өзі көліктің міндетті түрде айып тұрағына жеткізілетінін білдірмейді. Әр жағдай жеке қаралады.

Эвакуацияны тоқтатуға бола ма

Егер жүргізуші немесе көлік иесі автомобиль арнайы тұраққа жеткізілгенге дейін келсе, кейбір жағдайда эвакуацияны тоқтатуға болады. Ол үшін көлікті ұстауға себеп болған құқық бұзушылықты жою қажет.

Мәселен, автомобиль дұрыс қойылмай, қозғалысқа кедергі келтіріп тұрса, жүргізуші оны рұқсат етілген жерге ауыстыра алады.

– Полиция қызметкерлерінің міндеті – көлікті қалай да эвакуациялау емес, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықты жою, – деді мемлекеттік автоинспектор.

Эвакуация туралы шешімді кім қабылдайды

Көлікті ұстау және арнайы тұраққа жеткізу туралы шешімді уәкілетті қызметкер қабылдайды.

Автомобильді алып кетпес бұрын оның жағдайы тексеріліп, қабылдау-тапсыру актісінде тіркелуі тиіс.

– Бұл көліктің эвакуацияға дейін қандай жағдайда болғанын нақтылау және кейін ықтимал зақымдарға байланысты дау туындамауы үшін қажет, – деп түсіндірді полиция қызметкері.

Эвакуация жеке жаза немесе айыппұл болып саналмайды. Бұл – заңда көзделген жағдайларда қолданылатын шара.

Көлік заңсыз эвакуацияланса не істеу керек

Егер көлік иесі автомобиль заңсыз ұсталды немесе эвакуацияланды деп есептесе, лауазымды тұлғалардың әрекетіне шағымдануға құқылы. Ол үшін жоғары тұрған органға немесе сотқа жүгінуге болады.

Жүргізуші өз ұстанымын дәлелдейтін материалдарды сақтап қойғаны жөн. Олардың қатарына оқиға орнындағы фото және видео, көлік құжаттары, хаттамалардың, актілердің және эвакуация кезінде рәсімделген басқа да құжаттардың көшірмелері кіреді.

Шағым түскеннен кейін көлікті ұстауға заңды негіздің болған-болмағаны және эвакуация рәсімінің талапқа сай жүргізілгені тексеріледі.

Эвакуаторға қашан ақша төленеді

Бұл жерде көліктің эвакуациясы қай кезеңге жеткені маңызды.

Егер автомобиль эвакуаторға әлі тиелмесе, эвакуация үшін ақы төлеудің қажеті жоқ. Көлік эвакуаторға тиеліп қойған жағдайда қызмет құнының бір бөлігі алынуы мүмкін. Ал эвакуатор автомобильді арнайы тұраққа қарай алып жүре бастаса, жеткізу қызметінің толық құны төленеді.

Демек, эвакуатордың оқиға орнына келуі көлік міндетті түрде айып тұрағына әкетіледі деген сөз емес. Жүргізуші дер кезінде келіп, құқық бұзушылықтың себебін жойса, автомобильді орнында қалдыруға мүмкіндік бар.

Айта кетейік, Алматыда бір күнде 30 көлік айыптұраққа жеткізілді.