«Көлік құрылысы», «Спорт», «Криптология»: Жаңа оқу жылындағы жаңа білім беру бағдарламалары
АСТАНА. KAZINFORM – 2024-2025 оқу жылына PhD докторларын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын 1 мың орынға ұлғайту мәселесі пысықталып жатыр. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігінен мәлім етті.
«Ғылыми кадрларды (PhD докторларын) даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын ұлғайту 2024 жылдан бастап жоспарланған. 2023 жылға ғылыми кадрларды (PhD докторларын) даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы 1 890 бірлікті құрайды. 2024-2025 оқу жылына ғылыми кадрларды (PhD докторларын) даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы 1 919 орынды құрайтын болады», - деп атап өтеді ведомстводан агенттіктің ресми сауалына орай.
Министрлік бүгінгі күні ғылыми кадрларды (PhD докторларын) даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын қосымша 1 000 орынға ұлғайту мәселесін пысықтап жатқандықтарын атап өтеді.
«Сондай-ақ, 2024-2025 оқу жылына «Көлік құрылысы», «Кәсіби білім беру педагогтерін даярлау», «Спорт» және «Криптология» бойынша жаңа білім беру бағдарламаларының топтары ашылып, аталған бағыттарға мемлекеттік тапсырыс орналастырылды», - деді министрліктен.