Көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінде міндетті тіркеу тоқтатылды

Фото: Gov.kz

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 маусымға дейін тауар-көлік жүк құжаттары мен жол парақтарын көлік құжаттарын басқарудың бірыңғай жүйесінде (КҚББЖ) міндетті тіркеу тоқтатылды, деп хабарлайды Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті.

— Бұл шешімге сәйкес техникалық рұқсат етілген ең жоғары салмағы 3,5 тоннадан асатын жүк көліктерінің жол парақтары мен тауар-көлік жүкқұжаттары қағаз түрде рәсімделсе де, оларды КҚББЖ-да тіркеу міндетті емес болады, — делінген комитет таратқан ақпаратта.

КҚББЖ — автомобиль көлігі саласындағы тасымалдау қызметіне қатысты құжаттарды тіркеу, есепке алу және өңдеуді электронды түрде жүргізетін ақпараттық жүйе.

Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитетінің мәліметінше, бұл уақытша шара нарықтағы қатысушыларға ыңғайлы жағдай жасау және жүйеге қажетті түзетулер енгізу үшін қабылданды. Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде тіркеліп, барлық мемлекеттік органдармен келісілді.

Бұған дейін Қазақстан арқылы жүк тасымалының жалпы көлемі 7,1% өскенін жазған едік.