Көлік министрі бұрынғы орынбасарының ұсталуына қатысты пікір айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев өзінің бұрынғы орынбасары Сәтжан Аблалиев ұсталған кезде оның құжаттарын тергеу органдары тексеруге алғанын айтты.
Бүгін Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында тілшілер бұрынғы көлік вице-министрі Сәтжан Аблалиевтің ұсталуына қатысты сұрақ қойды.
Өз кезегінде Н. Сауранбаев бұрынғы вице-министр негізгі қызметіне қатысты қамауға алынғанын айтты.
— Тергеу амалдары жүріп жатқанын еске отырып, басқа мән-жайды айта алмаймын… Тергеу органдарының өзіндік атқаратын іс-қимылдары бар. Осы орайда оның құжаттарын (тексеру аясында) алды, — деді министр.
Айта кетейік, 2025 жылдың 4 тамызы күні Қазақстанның көлік вице-министрін пара алды деген күдікпен ҚР ҰҚК Сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметі ұстаған. Сот санкциясымен ол қамауға алынды.
Кейіннен Сәтжан Аблалиев ресми түрде көлік вице-министрі лауазымынан босатылғаны мәлім болды.
Айта кетейік, Сәтжан Аблалиев еңбек жолын 1987 жылы Оңтүстік Ембі мұнай барлау экспедициясы Орталық инженерлік-техникалық қызметінің операторы болып бастаған. 1996 жылдан 2004 жылға дейін Қазақ көлік және коммуникация академиясында жұмыс істеді. Көптеген жылдар бойы Көлік және коммуникация; Инвестициялар және даму; Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктерінің құрылымында қызмет атқарды. Бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді.